Түркістан облысының полицейлері сарыағаштық тұрғынның жоғалған қойын қайтарды
Сарыағаш ауданының полицейлері тұрғынның үй жануарларын жайылымнан ұрлаған күдіктіні бір тәулік ішінде «ізін суытпай» анықтап, ұстап, иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, жалпы құны 80 мың теңге тұратын екі бас қойын белгісіз біреу ұрлап кеткенін көрсеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1 бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді.
Сарыағаш АПБ ЖПҚ-нің учаскелік полиция инспекторлары жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті қолға түсті. Тұрғынның малын ұрлағанын мойындаған күдікті, жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер ұрланған екі бас қойды айғақты зат ретінде тәркілеп алды.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Бас шарасы қолхатпен босатылды.
Өз кезегінде жәбірленуші Сарыағаш ауданының тұрғыны Жанат Божбаналиева учаскелік полиция инспекторларына қойларын тауып бергені үшін алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Полиция қызметкерлері тұрғындар назарына малдарын қараусыз қалдырмауды ескертеді. Ен-таңбаларын салдыртып, сырғалауға кеңес береді. Ұрлық жайты орын алып немесе осыған ұқсас оқиғалардың куәгері болсаңыз, міндетті түрде полицияға хабарласыңыздар. Полиция қызметкерлері сіздерге көмек беруге әрқашан дайын.