Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірнеше мәрте мас күйде көлік жүргізген ер адам жауапқа тартылуда

Алматы облысының полицейлері ішімдік ішіп, көлік басқарғаны үшін биыл 15 тәулік қамаққа алынған ер адамды тағы да масаң күйде құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаратал ауданының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автопатрульдеу барысында «Subaru Legasy» автокөлігі жүргізушісінің масаң күйде көлік басқарып келе жатқанын әшкерелеген. Медициналық куәландыру кезінде 54 жастағы Үштөбе қаласының тұрғыны орта дәрежеде мас екені дәлелденген.

– Ұсталған азамат биыл қаңтар айында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған болатын. Өз қателігін толық түсінбегенге ұқсайды. Кеше 54 жастағы Б. есімді азамат қайта масаң күйде көлік басқару кезінде ұсталды. Аталған дерек бойынша оны ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қабылданады, – деп хабарлады Қаратал ауданы Полиция бөлімінің бастығы Рауан Абдраимов.


Құқық бұзушы өз кінәсін толығымен мойындап, жеті жыл көлік басқаруға болмайтынын біле тұра, ішімдіктің буымен темір тұлпарын тізгіндегенін айтты. Жол ережесін өрескел бұзушыға қатысты іс материалдары жақында сот органдарының қарауына жолданады. Сот шешімі шыққанға дейін айыпталушы міндеттемемен үйіне жіберілсе де, оның темір тұлпары полиция бөлімшесі жанындағы арнайы тұраққа тоғытылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру