Түркістанда тұрғындарға «Есірткіге жол жоқ» логотипі бар тегін бетперде таратты
Түркістанда тұрғындарға «Есірткіге жол жоқ» белгісі бар екі мың дана бетперде тегін таратылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес ТО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері өзгелерге үлгі боларлықтай іс-шара ұйымдастырып, «Есірткіге жол жоқ» логотипі бар тегін бетперде таратты. Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу және болдырмау, оған қоса коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қою.
Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығының орынбасары Нұрлыбек Әлібекұлы: – «Есірткіге жол жоқ» ұранымен бастау алған шарада Түркістан қаласының тұрғындарына логотипі бар екі мың дана бетперде таратылды. Көбіне адамдар көп шоғырланатын орындарға, саябақтарға, көпқабатты тұрғын-үй аулаларына, базар аймағына барып, көпшілік орында маскалық режимдің сақталуының маңызы зор екенін түсіндірдік. Одан бөлек тұрғындарды қорғаныс заттарын (бетперде, антисептик, қолғап) үнемі қолдануға шақырдық, – деп атап өтті.
Сонымен қатар аталмыш шара басқа да аудан, қалалық полиция бөлімдерінде жалғасын табуда. Сондықтан әрбіріміз індет бар кезде бетперде тағып, денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Жақынымызға жанашыр болайық.