Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері аса ірі көлемдегі гербицид ұрлығын ашты

Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аса ірі көлемдегі ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен 1200 литр гербицид пен астық орайтын бес полиэтилен орама жоғалғандығы анықталды. Шығын 4 млн. теңгеден астам соманы құрады. Белгісіз қылмыскерлер қойма қабырғасындағы қаңылтырды майыстырып, ішке енген. Диқаншылар полицейлерге жүгінді. Оқиға жаңа астықтың дәні-дақылдарын, жанар-жағармай материалдарын, гербицид пен ауыл шаруашылық техникасының қосалқы бөлшектерінің ұрлығына жол бермеуге және ашуға бағытталған “Астық” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші күні орын алған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталды, олар: 2001 және 1997 жылдары туған ЖШС-тің екі жұмысшысы мен 22 жастағы таныстары болып шықты. Ұрлық көктемнен басталған және бірнеше рет жасалған. Күдіктілерге қатысты келуі туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Ұрланған заттардың бір бөлігі қайтарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

– Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің меншігі мен астығын қорғауға баса назар аударылады, – дейді Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев. – Полицияның жеке құрамы егін егу және орақ науқаны кездерінде диқаншыларға жан жақты көмек көрсетуге бағдарланған. Криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері облыс аудандарында шаруашылықтардағы қауіпсіздік қызметтерімен тығыз жұмыс істеуде. Бірлесіп әрекет етудің алгоритмі де оң жолға қойылған. Бұрын жасалған қылмыстар да біздің назарымызда. Тәжірибе көрсеткендей, меншікке қол сұғушылықтардың барлығы уақыт өте келе ашылады.

Жедел-профилактикалық іс-шараның басынан облыста диқаншылардың мүлкіне қол сұғумен байланысты бес қылмыс тіркелді. Жалпы шығын көлемі 4,5 миллион теңгені құрады. Барлық қылмыстар ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру