Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заңсыз сақтаудағы қарулар тәркіленді

Павлодар облысының полицейлері заңсыз сақтаудағы қаруларды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмысқа қарсы күресті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 25-27 тамыз аралығында Павлодар облысының аумағында «Құқықтық тәртіп» Республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары өткізіледі.

Жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде полицияның кешенді күштерінің жаяу жасақтарының жұмысы жандандырылды. Патрульдік полицейлерінің алдына көшелердегі жағдайды бақылау, сондай-ақ көп қабатты үйлердің аулаларын үнемі аралап шығу, қала аудандарының жеке секторларын, оның ішінде шеттері мен саяжай алқаптарын бақылау міндеті қойылды.

Іс-шараның бірінші күні облыс аумағында 10 қылмыс тіркелді, оның алтауы ашылды, бұдан басқа бұрын жасалған төрт қылмыс ашылды.
690-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 12-сі мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін, 60-қа жуық ұсақ бұзақылық фактісі, 164-і алкогольдік ішімдіктерді ішу фактісі, 46-сы көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кету фактісі.

Тыйым салынған заттарды (оқ-дәрілер, атыс және суық қару) заңсыз сақтағаны, алып жүргені үшін полиция төрт адамды ұстады.

25 тамыз күні түнде Абай көшесінде полиция қызметкерлері Жамбыл облысы тұрғынының басқаруындағы «Тойота Эстима» автокөлігін ұстады. Автокөлік салонынан аңшылыққа арналған қолдан жасалған пышақ алынды. Бұл пышақ суық қару болып табылады. Азаматқа қатысты ҚР ҚК 287-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ақсу қаласының шетінде «Ферросплавщик» гараж кооперативінің жанында тәртіп сақшылары тінту барысында алты мм калибрлі «ASG CZ Scorpion vz61» пневматикалық Страйкбол тапаншасы анықталып, тәркіленді. Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 287-бабының 2-бөлігі бойынша тексеру жүргізілуде. Баллистикалық тексеру тағайындалды. Полиция атап өткендей, бұл азамат 2018 жылы ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігімен сотталып, 160 сағатқа қоғамдық жұмысқа сотталған.

Полиция қызметкерлері басқа азаматтан пневматикалық винтовка, 5,6 мм калибрлі 156 оқ, 16 калибрлі аңшылық қаруға арналған 40 оқ тәркіледі. ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, заңсыз айналымда тұрған жоғарыда аталған қару қылмыс жасау үшін пайдаланылуы және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Полицейлер облыс тұрғындары мен қонақтарынан профилактикалық іс-шараны өткізуге түсіністікпен қарауды және құқық бұзушылықтарды анықтауға көмек көрсетуді сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру