Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде ҚАЖ қызметкерлері көп балалы отбасыларға смартфон сыйлады

Ақтөбеде ҚАЖ қызметкерлері “Мектепке жол” акциясы кезінде көп балалы отбасыларға смартфон сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Санаулы күндерден соң, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектеп оқушылары жаңа оқу жылын қашықтан оқып бастайды. Соған сәйкес Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Шамишевтің тапсырмасын орындау мақсатында, департаментке бағынысты КА-168/1 мекемесінің жеке құрамы облыстық әкімдікпен бірлесіп, “Мектепке жол” қайырымдылық акциясына қатысты.

Акция кезінде КА-168/1 мекемесінің жеке құрамы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың үйлеріне барып, балаларына оқу құралдарымен бірге қашықтан білім алу үшін екі смартфон телефонын тарту етті.

Ақтөбелік Жайлаубаевтар отбасында биыл төрт оқушы жаңа оқу жылын қашықтықтан оқуды бастайды. Балалардың анасы үй шаруашылығында болса, отағасы жалдамалы жұмыста жасайды. Қашықтан білім алуға қажетті смартфон телефоны және онлайн білім алу кезінде қажет болатын оқу құралдарын алуға көпбалалы отбасының қалтасы көтермейді.

– Биыл кіші ұлым да бірінші сыныпқа баратындықтан, төрт балам жаңа оқу жылын бастайды. Алдыңғы үш балам карантин жағдайында осыған дейін білім алып келгендіктен, оларда смартфондары бар. Тек осы кіші балама қалай смартфон алып берсек екен деп әкесі екеуміз уайым қылып отырғанбыз. Бізді қуанттыңыздар. Осындай “Мектепке жол” акциясының барына қуанамыз. Акцияны ұйымдастырушы әкімдікке және Ақтөбе облысының ҚАЖ департаменті басшылығы мен бізге көмек көрсеткен КА-168/1 мекемесінің барлық қызметкерлеріне үлкен алғысымызды айтамыз, – дейді көп баланың анасы.

ҚАЖ қызметкерлерінің қолдауын көрген аз қамтылған екінші отбасыда 6 бала тәрбиеленуде. Бұл отбасы да өздеріне қол ұшын созған тергеу изоляторының қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.

– Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу – ізгіліктің көрінісі, адамның асыл қасиеті. Сонымен қатар, “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, қазіргідей пандемия кезінде әр баланың жаңа оқу жылына баратын қуанышты күндерінде оларға қуаныш сыйлап, оларға қамқорлық жасау – әрқайсымыздың қолымыздан келер іс. Сондықтан мекеменің жеке құрамы бұл қайырымдылық шарасына бірауыздан атсалысты,- дейді КА-168/1 мекемесінің кадр саясаты бөлімшесінің бастығы Әсел Малайдарова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру