Жасөспірімді қорқытып, құлағынан сырғасын шешіп алған қарағандылық ұсталды
Қарағандыда 21 жастағы қыз 12 жастағы қызға күш көрсетіп, құлағынан сырғасын шешіп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 тамыз күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Орталық полиция бөліміне 44 жастағы әйел шағымданып, белгісіз біреу оның 16 жастағы қызына күш көрсетіп құлағынан алтын сырғасын шешіп алғандығы туралы арызданған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 30 мың теңгені құраған.
29 тамыз күні криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында аталған іске қатысы бар деген күдікпен 21 жастағы қыз ұсталды.
Анықталғандай, күдікті бөтеннің мүлкін тонау бойынша құқық қорғау органы қызметкерлерінің назарына ілініп, есепке алынған.
Тергеу барысында күдіктінің осы қылмысқа дейін тағыда бір қызға қатысты қылмыс жасағаны белгілі болды. Ол 12 жастағы қыздан құны 30 мың тұратын сырғаны шешіп әкеткенін мойындады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оңай олжа тапқышқа қатысты сот қамауда алу бұлтартпау шарасын қолданды. Тергеу амалдары жүргізілуде.