Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 3,5 мыңнан астам жаяу жүргіншілер Жол жүрісі қағидаларын бұзды

Сегіз айдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында Жол жүрісі қағидаларының түрлі 30608 бұзушылығы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқу жылы басталды. Сәйкесінше елді мекендердің көшелері мен жолдарында балалар саны артты. Үстіміздегі жылы мектепке тек кезекші сыныптардың оқушылары барғанымен, тәртіп сақшылары балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

– Балаларға қатысты жүргізілетін профилактикалық жұмыстар карантиндік талаптарға байланысты тоқтатылды. Енді бұны ұстаздармен бірлесіп қайта жандандырмақпыз, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Жолдағы, көшелердегі балалардың тәртібін бойға сіңіру отбасында ата-аналардың өздерімен қолға алынуы қажет. Бүлдіршіндер ересектерге қарап бой түзейді. Ата-аналар өздерінің ғана емес, балаларының да денсаулығы мен өмірлерін қатерге тігіп, жол жүрісі қағидаларын бұзып жатады.

Мәселен, Петропавлда 2 қыркүйек күні Жамбыл көшесінде патрульдік полицейлер екі баласын жетектеп рұқсат етілмеген жерден көшені кесіп жүгіріп өтпек болған әйел адамды тоқтатты. Полицейлердің айтуларынша, жауапкершілікке тартылуы ол үшін сабақ болуы тиіс. Өйткені балаларының қауіпсіздігін әр ата-ана әртіннен ойлауы тиіс.

Жыл басынан облыс жолдарында кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен 16 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бір бала қайтыс болып, 20-сы дене жарақаттарын алды. Көп жағдайда зардап шеккен балалар – жаяу жүргіншілер болған. Мұндай тоғыз факті тіркелді. Жалпы облыс жолдарында 17 жаяу жүргінші көз жұмып, 150-і жарақаттар алған.

Сегіз айдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында Жол жүрісі қағидаларының түрлі 30608 бұзушылығы тіркелді. Олардың әрбір оны жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған – 3519 факті. Көлік құралдары балалар үшін үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан оқу жылының басталуымен полицейлер барлық жол қозғалысының қатысушыларын жолда сақ болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру