СҚО-да полицейлер ауыл тұрғындарының үйлерінен ақша ұрлады деген күдіктіні «ізін суытпай» ұстады
Қызылжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Пеньково ауылы тұрғындарының үйлерінен ірі көлемде ақша ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданының полиция бөліміне қала маңындағы Пеньково ауылының тұрғыны үйінен, шығын сомасы 330 мың теңгені құрайтын, ақша қаражаты мен зергерлік бұйымдарының ұрланғандығы жөнінде жүгінген. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде бірнеше сағаттан соң ұрлық жасаған күдікті Петропавл қаласының аумағында ұсталды. Ол бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған 33 жастағы Ақтөбе облысының тумасы болып шықты. Соңғы бір жарым ай ішінде үй иелеріне түрлі үй шаруасын атқаруға көмектесетін жұмысшы ретінде болған. Үй иелерінің жұмыс барысымен жол жүріп кеткендерін білген ол – үйге еніп, ұрлық жасаған. Ойын іске асырған соң бірден Петропавл қаласына келіп, олжасын өз керегіне жұмсаған.
Қызылжар ауданының ПБ бастығы Әлихан Байқадамовтың айтуынша, аталған факті ҚР ҚК 188-бабы 3-б. (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, тергеу жүргізілуде. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
– Үйлеріне мықты құлыптар мен тиектерді қою қажеттілігін ауылдықтардың естеріне саламыз. Жолға шығарда – есіктерді де, терезелерді де мықтап бітеп, көршілердің көз қырын салып жүрулерін сұраған жөн. Ұрлық жасалған жағдайда – бірден полицияға хабарлау қажет, – дейді Әлихан Байқадамов.