Жол ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушілері жауапқа тартылды
Түркістан облысының полицейлері жүгенсіз жүргізушілерді жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы орталық көшелердің бірі яғни Б.Саттарханов даңғылы бойында бірнеше автокөліктердің жол ережесін өрескел бұзғаны жөнінде бейнежазба таралған болатын. Онда «Мercedes», «Huyndai», «Lada», «Toyota» көліктері өте қатты жылдамдықпен жарыса жүріп, қарсы бағытқа шығып, көліктің терезесінен шығып тұрғандары көрсетілген.
Аталған жол қауіпсіздігі ережесін бұзып, құқықбұзушылық жасаған автокөліктерді анықтау мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері шұғыл іске кірісті. Тексеру жұмыстары барысында төрт көліктің де жүргізушілері анықталып, жауапқа тартылды. Нақтырақ айтсақ:
– «Huyndai» және «Toyota» маркалы көліктердің жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігімен (Маневр жасау қағидаларын бұзу);
– «Мercedes» маркалы көліктің иесіне 606-бап (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы);
– «Lada Priora» көлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 5-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және 612-баптың 2-бөлігімен (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) бойынша хаттамалар толтырылды. Заң бұзушылардың көліктері айыптұраққа қойылды. Олар өздерінің кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін тұрғындардан кешірім сұрады. Алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік құралын құжатсыз және мас күйінде басқармауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұранамыз. Осы орайда кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп ескертеді.