Теміртау тұрғынының ұрланған телефонын полицейлер тауып берді
Теміртаулық тәртіп сақшылары, азаматшаға ұрлатып алған ұялы телефонын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қыркүйек күні Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері құқық қорғау органының есебінде тұрған азаматтардың үй-жайларына тексеріс жұмыстарын жүргізді. Осындай іс-шара барысында тәртіп сақшылары 37 жастағы есепте тұрған азаматтың үйіне арнайы барды. Полиция қызметкерлерін көрген азаматта қатты қобалжу болған. Сұрастыру барысында есепте тұрған азаматтың осыдан төрт күн бұрын қаладағы дүкендердің бірінің маңынан белгісіз азаматшаның қалтасынан ұялы телефонын ұрлап әкеткен.
Полиция қызметкерлері жәбірленушінің тұлғасын анықтады. Ол 36 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды. Жәбірленуші азаматша полиция қызметкерлеріне ұялы телефонын қалтасынан қай уақытта түсіріп не болмаса ұрлатып алғанын білмейтінін айтты. Бағалы затын 40 мың теңгеге бағалаған азаматшада ұялы телефонын тауып алады деген үміті болмағанын айтып, полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚP Қылмыстық Кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.