Техниканы жалға алып, жоқ болып кеткен алаяқ ұсталды
Түркістан облысының полиция қызметкерлері алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полициясына жергілікті тұрғындар арызданып, белгісіз адам олардың ойын құрылғылары мен техникасын жалға алып, алаяқтық жасап, содан кейін жоғалып кеткенін жеткізді. Сонымен жәбірленушінің бірінен алаяқ екі ойын құрылғысын жалға алып, қайтармай 400 мың теңге шығын келтірген. Аталған жайттарды тәртіп сақшылары ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Қылмысты ашу мақсатында Түркістан ҚПБ-да тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды, олар бірден алаяқты іздеуге кірісті. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан қалалық ПБ криминалдық полиция қызметкерлері күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғынын құрықтады. Ол бұрын да алаяқтық жасап, сотты болған.
Тергеу барысында ұсталған жас жігіт адамдардың сеніміне кіру арқылы олардың ойын құрылғыларымен басқа да техникаларын алып, жоқ болып кетіп жүрген. Содан техникаларды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Полицейлер күдіктінің жалпы тоғыз алаяқтық жайтына қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі төрт миллионнан астам теңгені құрады.
Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың басқа да алаяқтық деректеріне қатыстылығын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және басқа да ақпаратты бермеңіз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.