Жангелдин ауданының полицейлері браконьерді ұстады
Жангелдин ауданының полицейлері браконьерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 8 қыркүйегінде Жангелдин полиция бөлімінің табиғат қорғау полициясы қызметкерлері Торғай ауылының 34 жастағы тұрғынын ұстады.
Рейдтік іс-шаралар барысында Жангелді ауданының аумағында Торғай ауылынан 15 шақырым жерде полиция қызметкерлері ер адамды байқаған. Жергілікті тұрғын түнгі уақытта қабандарды сойып, жіліктеген.
Ер адам аң аулау кезінде жабайы қабандарды атып алғанын мойындады. Одан аңшылық пышақ, 16 калибрлі аңшылық мылтық тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күзгі аң аулау басталғаннан бері облыста 36 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде аң аулау ережелерін бұзғаны үшін – 27, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін – төрт, қаруды алып жүру және тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін – төрт. Үш күн ішінде өңірдің аңшылық алқаптары мен су айдындарында 828 аңшы тексерілді.