Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жүзімді ұрлаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады

Түркістан облысының полицейлері жүзімді ұрлаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ кезекші бөлімінің «102» нөміріне жергілікті тұрғын оның жүзімін ұрлап кеткені туралы хабар берген. Ауыл тұрғыны таңертеңгі сағат 7.00-де 50 кг-ға жуық жүзімін ұрлап бара жатқан күдіктіні байқаған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 25 мыңнан астам теңгені құрайды. Оқиға орнына бірден аудандық полиция басқармасының қызметкерлері келді. Жедел уәкілдер бақтың бүкіл аумағын және жақын көшелер мен аулаларды, сондай-ақ жасырыну мүмкін жерлердің барлығын қарап шықты.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам АПБ-нің полицейлері «ізін суытпай» жарты сағат ішінде күдіктіні ұстады. Ол Сайрам ауданының тұрғыны, жәбірленушінің ауылдасы болып шықты. Анықталғандай, күдікті ешкімнің жоқтығын пайдаланып, бақшадан 50 кг-ға жуық жүзім алып, көліктің жүк салғышына салып, қашып кеткен. Ұрланған жүзімді сатып, ақшасын бас пайдасына жұмсамақ болғанын толықтай мойындап отыр. Ұсталған адамнан айғақты зат ретінде ұрланған жүзім алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бас шарасы қолхатта. Полиция қызметкерлері оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және мүліктерін қараусыз қалдырмауды ұсынады. Мүмкіндігінше өз үйлері мен аулаларын сенімді қоршаумен нығайту, бейнебақылау камераларын және Күзет дабылын орнату қажет. Сондай-ақ, терезелерге темір торлар мен алдыңғы есіктерге сенімді құлыптар қою керек. Бағалы заттар мен ақша ұрланған немесе жоғалған жағдайда дереу полицияға «102» телефоны арқылы хабарласқаныңыз жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру