Полицейлерге қылмысты ашуға сарбаздар көмектесе бастады
Түркістан облысында полицейлерге қылмыстарды ашуға сарбаздар көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚP Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2016 жылғы маусым айының 14-і күні «қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін учаскелік полиция инспекторларына көмекке «сақшы-сарбаздар» ерікті түрде тартылады.
Мысалы, Сарыағаш ауданында әкімдікпен жасалған келісім-шарт негізінде 76 «сақшы-сарбаз» тартылып, олар бүгінде Сарыағаш АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторларына құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстық оқиғаларды бақылауға және ашуға өз көмектерін береді.
«Қару», «Бродяга», «Жол қауіпсіздігі», «Учаске», «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу нәтижесінде полиция қызметкерлері мен «сақшы-сарбаздар» бірлесіп бірқатар қылмыстарды ашты.
Мәселен, Сарыағаш ауданы Құркелес ауылының учаскелік пунктіне «2020» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылған Сақшы-сарбазы Махамбет Серікбаев пен Ескендір Жораев үш қылмысты ашуға өз үлесін қосқан. Сонымен қатар, Қапланбек ауылының учаскелік полиция пунктіне бекітілген сарбаз Омар Мамаев бөтеннің мүлкіне қол сұғушылықты анықтауға атсалысты.
Биылғы жылдың сегіз айында Сарыағаш ауданының аумағында 535 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға азайған. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 11,1%-ға және көшеде жасалған қылмыстар саны 45%-ға кеміген.