Мас жүргізуші ұсталды
Қарағандылық патрульдік полиция қызметкерлері жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан ішімдік ішіп көлікке отырған азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция полкі қызметкерлерімен қызмет атқару барысында полицияның назарына біресе тоқтап, біресе жылдамдықты арттырып жүрген «ВАЗ» автокөлігі ілінген. Тәртіп сақшылары бірден күдік тудырған көлікті тоқтатқан. Көліктің тізгінінде 28 жастағы жүргізуші болған. Оның құжаттарын тексеру барысында жүргізуші құқығынан айырылғаны белгілі болды. Сондай-ақ, 28 жастағы азаматтан ішімдіктің иісі шыққан.
Сараптама қорытындысына сәйкес, көлік жүргізушінің мас күйінде болғаны белгілі болды. Бұған дейін ол жүргізуші құқығынан тағы да осылай көлікке мас күйінде отырғаны үшін айырылғаны анықталды.
Полиция қызметкерлерімен аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.