Талдықорғанда шетелдік көліктерді тонаған жасөспірім ұсталды
Талдықорғанда шетелдік көліктерді тонаған жасөспірім ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірім ұрының қылмыстық жинағында – алты шетелдік көлікті тонау мен үш велосипедті үптеп кету әрекеті бар. Ол 17 жастағы кәмелетке толмаған облыс орталығының тұрғыны болып шықты.
Биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айларында Талдықорған қаласында көпқабатты үйлердің аулаларында тұрған автокөліктерден бағалы заттардың қолды болу дерегі жиілеп кетті. Аз ғана мерзім ішінде облыс орталығы полициясының Батыс бөлімшесі осыған ұқсас алты ұрлық дерегін тіркеді. Сонымен қатар, осы уақытта үш велосипед ұрланды. Осы қылмыстар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы және 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық істер қозғалды.
– Осы деректер бойынша жұмыс істей отырып, Батыс ҚПБ аға жедел уәкілі Әлбосын Бекзат әрбір қылмыс бойынша ақпарат жинап, оларға қатысы бар күдіктілерді зерделей бастады. Кейбір жерлерде күдікті бейнекамераларға да түскен. Бірнеше бейнежазбаны мұқият зерделеу барысында күдіктінің бейнесі айқындалды. Жедел іс-шаралар жүргізе отырып, тергеуші бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін құқық қорғау органдарының назарына түскен 17 жастағы жергілікті тұрғынды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұстады, – деп атап өтті Талдықорған ҚПБ бастығы Асқар Нұрсапа.
Күдікті қылмыстық әрекеттерін мойындады. Одан жәбірленушілерден қолды болған ұялы телефондар, жемпір, велосипед және сағаттар тәркіленді.
– Ұрланған ақшаны жігіт жұмсап тастаған, кейбір заттар мен екі велосипедті сатып жібергені анықталды. Оқиға орнына барғанда ұсталған азамат ұрлықтың қайда және қалай жасалғанын егжей-тегжейлі көрсетіп берді. Оның көліктерді кішкене пышақтың көмегімен бұзып ашқаны белгілі болды, – деп толықтырды полковник Нұрсапа.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу кезеңінде жеке кепілге жіберу жөніндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Жәбірленушілер полицияға қылмысты ашқаны және материалдық құндылықтарды қайтарғаны үшін шын жүректен алғыс айтты.