Полицейлер тұрғындардың шаруашылығын өрттен құтқарды
Қостанай облысында полицейлер тұрғындардың шаруашылығын өрттен құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұзынкөл полиция бөлімінің қызметкерлері патрульдік полиция тобының аға инспекторы Рауан Алтынсарин және Ұзынкөл ауданының УҰИ күзет жөніндегі полицейі түнгі уақытта патрульдеу кезінде Ұзынкөл ауылының жеке үйлерінің бірінің ауласында түтінді байқаған.
Жақындағаннан кейін олар Комсомольская көшесіндегі жеке үйдің қорасы жанып жатқанын анықтаған. Оқиға таңғы сағат төрт шамасында болды. Бұл уақытта үй иелері мен көршілері ұйықтап жатты. Қорада қысқа дайындалған шөп өртенген. Өрт аумақтың бір бөлігін қамтып үлгерді. Полицейлер дереу өрт сөндірушілерді шақырып, қоршау арқылы секіріп, тұрғындар мен көршілерді оятқан.
Кейін үй иесі қораның жанында орналасқан гаражда газ баллондары мен дизель отыны бар екенін айтты. Полицейлер тез тұтанатын заттарды қауіпсіз орынға көшіріп, өрт сөндірушілер келгенге дейін жануарларды қорадан шығарған. Одан ары қарай өздері өртті сөнідруге кіріскен.
Ауыл тұрғыны Андрей Фабрицкий полицейлерге үлкен алғысын білдірді.
– Біз қорамыздың жанып жатқанын да білмедік. Онда қысқа дайындалған заттар мен мал бар еді. Полиция қызметкерлерінің қырағылығының, олардың тез әрекет етуінің арқасында бәрі аман қалды, – деді Андрей Фабрицкий.