Талдықорғандық полицейлер велосипед ұрлаумен жүйелі түрде айналысқан азаматты ұстады
Алматы облысының полицейлері велосипед ұрлаумен айналысатын рецидивисті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында биылғы жылдың қыркүйек айында велосипед ұрлығының бірнеше дерегі тіркелген. Ұры велосипедтердің барлығын көп пәтерлі үйлердің кіреберістерінен еркін алып кетіп жүрген.
«Әрбір қылмысты саралай отырып, біз велосипед ұрысы – Талдықорған қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстадық, ол бұрын да дәл осындай қылмыстары үшін 10 рет және азаматтарды тонағаны үшін 2 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол өз қылмыстарын негізінен Талдықорғанда жасаған, сонымен қатар екі рет Алматы қаласында тәртіп сақшыларына ұсталған. Қос дөңгелекті көлікті жақсы көретін күдікті бірнеше рет сотталып, темір тордың арғы жағында да болған. Қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан сайын ол ескі әдетіне қайта басып отырған»,-дейді Талдықорған қаласының ПБ Шығыс қалалық полиция бөлімінің бастығы Қайрат Баймұханов.
Қазір жедел уәкілдер күдіктінің велосипед ұрлаудың 15 дерегіне қатысын дәлелдеді. Олардың 10 табылып, заңды иелеріне қайтарылса, ал бесеуін іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда, өйткені оларды күдіктіден сатып алған адамдар әрі қарай сатып жіберген.
«Айқын емес қылмыстарды ашу қиынға соғады. Дегенмен, жәбірленушілердің көпшілігінің ұрланған екі доңғалақты көлік құралдарын тауып, қайтара алдық. Қазіргі уақытта күдікті сотқа дейінгі тергеу аяқталғанша қамауда болады»,- деді Қайрат Баймұханов.