Жамбыл облысының Сарысу ауданында 33 жүргізуші көлікті құжатсыз басқарған
Жамбыл облысының Сарысу ауданында 1 қазаннан бастап 854 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Сарысу ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында 1 қазаннан бастап 854 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
12 жүргізуші автокөлікті масаң күйде басқарса, ауданның 33 тұрғынында көлік құралын басқару құқығы болмаған, құқық бұзушылардың арасында көлік құралының сыртқы жарық түсіру аспаптары мен дыбыс сигналдарын пайдалану, сондай-ақ авариялық сигнал беруді қолдану қағидаларын бұзғандар да бар.
Сондай-ақ, көлікті жолдың қарсы бағытына шығып айдағаны үшін 27 жүргізушіге қатысты әкімшілік xаттама толтырылды.
Бұдан басқа Жаңатас қаласында жасы кәмелетке толмаған жасөспірім той кортежін ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға жол берген. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 602-бабымен 2 әкімшілік хаттама толтырылып, 136.000 теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, «Toyota Avensis» маркалы көлігінің 56 жастағы жүргізушісі қарама-қарсы бағытқа шығып, апатты жағдай тудырғаны үшін 6 айға көлік басқару құқығынан айырылды. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігімен (жолдың қарсы бағытына арналған жолағына шығу) әкімшілік хаттама толтырылды.
Іс-шара барысында 13 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.