Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ойнап жүріп, үйінен алыстап кеткен бүлдіршін табылды

Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен үш жасар бүлдіршінді тауып, отбасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын баласының жоғалып кеткендігі туралы хабарлаған. Азаматшаның айтуынша, үш жасар ұлы кешкі сағат 19:15-тер шамасында есік алдында ойнап жүрген. Содан соң анасы артынан іздеп шыққан кезде жоқ екенін байқаған. Өз беттерінше іздеп көрген. Одан нәтиже шықпаған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Хабар алысымен тәртіп сақшылар бүлдіршінді іздеуге кіріседі. Полицейлер ауыл аймақтың ішін көліктерімен аралап, учаскелік полиция инспекторлары көшелердің арасындағы қуыстардың барлығын түгелімен тінти бастайды. Осылайша жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде бүлдіршін екі сағаттың ішінде ауыл ішінде орналасқан тойханалардың бірінің алдында ойнап жүрген жерінен табылды. Тәртіп сақшылары ұл баланы аман-есен тауып, ата-анасына табыстады. Аман-есен табылған бүлдіршіннің ата-анасы 102-ге хабарласқан сәттен бастап, бірден іздестіруге кіріскен және кәсібилік пен жеделділік танытқан полиция қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды бала тәрбиелеу кезінде жауапкершілік танытып, көзден таса етпеу керектігін ескертеді. Әсіресе тілі шықпаған бүлдіршіндерді жасы үлкендердің қарауына сеніп тапсырып, бақылауда ұстау қажеттігін айтады. Әр ата-ана өз баласына деген жауапкершілікті жіті түсінгені жөн. Егер де сіздің балаңыз немесе жақыныңыз із-түссіз жоғалып жатса, онда уақыт өткізбей тез арада полицияның «102» нөміріне қоңырау шалыңыз. Облыс полицейлері жоғалған жанды жедел табу үшін іздестіру шараларын атқаруға әрдайым дайын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру