Қарағанды облысында заңсыз айналымнан алынған үш тоннадан астам есірткі жойылды
Қарағандылық полицейлер Ұлытау ауданының аумағында жалпы салмағы үш тоннадан астам қарасораны жойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөліністері заңсыз айналымнан есірткі заттарын тәркілеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді.
- Прокуратура, Төтенше жағдайлар департаменті және қоғам өкілдерінен құралған комиссияның қатысуымен арнайы белгіленген орында осыған дейін тәркіленген жалпы салмағы 3 тоннадан асатын 2576 түп қарасора жойылды. Осы іс-шара барысында полиция қызметкерлері акцияға қатысқандардың барлығына "Есірткіге жол жоқ" деген жазуы бар бетперде таратты, - деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Талғат Каскин.
"Қарасора-2020" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Қарағанды облысының полицейлері заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам түрлі санаттағы есірткі заттарын тәркіледі.