Сақтық шаралары туралы ескерткен полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға медициналық бетперделер таратты
Панфилов ауданының полицейлері тұрғындарға 1000 медициналық бетперде таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар саны артуына байланысты Панфилов ауданының тәртіп сақшылары аудан орталығындағы қоғамдық орындарда тұрғындар арасында санитарлық сақтық шаралары мен коронавирус инфекциясынан қорғану тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында оларға медициналық бетперделер тегін таратылды.
– Коронавирус індетіне шалдыққандар саны көбейіп жатқанын дүйім жұрт біледі. Дегенмен кейбір тұрғындардың сақтық шараларына салғырт қарайтыны белгілі. Сондықтан біз бүгін қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бетперде тағудың қажеттілігі туралы ескерттік. «Бетперде тағып жүріңіз! Өзіңіздің де, өзгенің де денсаулығын сақтаңыз!» деген қағидатпен тұрғындарға 1000 бетперде табыстадық,- деді Панфилов ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Жамбыл Бакетов.
Тұрғындар тәртіп сақшыларының қамқорлықтарына ризашылықтарын білдіріп, қызметкерлерге алғыс айтты.