Түркістан қаласында жол бойындағы патрульдік полицейлер әрекетінің бейнежазбасы таралды
Түркістан қаласында жол бойындағы патрульдік полицейлер әрекетінің бейнежазбасы таралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желіде Түркістан қаласы тәртіп сақшыларының жүргізушіге көмек көрсеткені жөнінде бейнежазба тарады. Бұл бейнежазба бойынша мониторинг жасау кезінде оқиғаға қатысушылар анықталды.
Енді оқиға бойынша нақтырақ айтар болсақ, күндізгі уақытта Түркістан қалалық Полиция басқармасының полиция қызметкерлері күнделікті патрульдеу қызметін атқару кезінде С.Қожанов пен Тәуке хан көшелерінің қиылысында жол бойында «Ауди» автокөлігінің бұзылып тұрғанын байқайды. Басқа да көліктердің жанынан тоқтамай өтіп бара жатқанын көріп, тез арада сол жүргізушінің қасына жетеді.
Өзгенің көмегін ауадай қажет етіп тұрғанымен алғашқыда полицияның жанына тоқтағанын көріп, заң бұзушылық жасамаған сияқты едім ғой дегендей, жүргізуші таңырқай қарайды. Алайда полиция қызметкерлері көліктерінен түсе сала «Сізге көмек қажет пе?» дегенін естіп, жүргізуші қуанып, мәнжайды толықтай жеткізеді.
Осылайша патрульдік полиция қызметкерлері қос бірдей полиция қызметкері Аманәлі Асан мен Камалиддин Парманқұлов жүргізушінің көлікке отырып, басқаруын сұрап, өздері темір тұлпарды итеріп, қажетті деген көмектерін көрсетеді.
Бұл жайтты оқып отырған кейбір жанға болмашы нәрседей көрінуі мүмкін, алайда тосын жағдайға тап болып, көмекке зәру болған адамға көмектің үлкен-кішісі болмайды.
Патрульдік полицейлер: – Жүргізушіні көре сала дереу көмекке ұмтылдық. Ол да көмегімізге өз ризашылығын жеткізді. Желі арқылы бұлай жарияланып кетеді деп ойламаппыз. Бар болғаны қолдан келгенше көмектесу еді. Жолда жүргендіктен мұндай жағдай бізде көп кездеседі, – дейді.