Жамбыл облысында аудандық полиция бөлімінің бастығы тұрғындармен кездесті
Жамбыл облысында аудандық полиция бөлімінің бастығы тұрғындармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарысу ауданының Байқадам ауылдық округінде аудан әкімі Б.Жақсылықов, ауылдық округ әкімі А.Назарбековтің және аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Алметовтің қатысуымен халықпен кездесу өткізілді.
Карантин талаптары сақтала отырып өткен кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға заң жүзінде жауаптар беріліп, бірқатар өтініштер мен мәселелер тыңдалды.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары мен тұрғындары алғаш рет жүздесіп отырған Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметовке келіп ақ баталарын берді. Соның бірі 82 жастағы ауыл тұрғыны, Еңбек ардагері Алтын Досжанова:
– Келгеніңе бір ай ғана уақыт болса да кішіпейілділігіңмен баршамыздың көңілімізден шығып үлгердің. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем бередіъ – демекші бір топ қария арнайы қолыңды алып, батамызды беруге келдік. Біраз жұмыс жасап жатқаныңды үлкені де кішісі де көріп, айтып жүр, халыққа керегі де осындай іскер әрі қарапайым басшылар. Алдына барғанды адамдықпен қарсы алатын адал азамат екеніңді естіп, ауданымыздың полициясына өзіңдей елге жақын адамның келгеніне қуандық, – деп ақжарма тілегін білдіріп, амандық тіледі.
Өз кезегінде А.Алметов басшылықтың алға қойған тапсырмасын орындай отырып, жергілікті тұрғындардың игілігі үшін жұмыс жасау өзінің басты міндеті екенін алға тартып, қарияның батасын алудан артық мәртебе жоқтығын тілге тиек етті.