Тұрғындар полицейлердің батыл әрекеттеріне риза болды
Арқалық қаласының тұрғыны Наталья Лысая көп қабатты үйлердің бірінде орын алған өртті ауыздықтау кезінде көрсеткен көмегі үшін полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 9 қарашада «102» пультіне Байтұрсынов көшесіндегі көп қабатты үйлердің бірінің екінші қабатындағы пәтердің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына бірінші болып жеткен полиция қызметкерлері Бейбіт Аслан мен Алиса Бисембаева өрт сөндіру бригадасы келгенше тұрғындарды кіреберістен эвакуациялай бастаған.
Осы кезде тұрғындардың бірі Наталья Лысая пәтерінде ағасының ұйықтап жатқанын хабарлаған. Полицейлер екінші қабатқа көтеріліп, түтін мен жалынға қарамастан ер адамды іздеп тауып, сыртқа шығарған.
– Өрт басталған кезде мен қатты қорқып, дереу далаға жүгірдім, ол кезде ағам үйде ұйықтап жатқан болатын. Кейін оның өзі шыға алмайтынын түсіндім, өйткені өрт күшті болды. Полицейлерге үйде ағамның бар екенін айтқан соң олар дереу көмекке жүгірді, өз өмірлерін қауіпке тікті десе де болады. Бұл өте батыл әрекет. Полиция қызметкерлеріне үлкен рахмет, – дейді Наталья Лысая.