Пробация есебіндегі азаматқа әлеуметтік дүкеннен тегін киім берілді
Қызылорда облысында пробация есебінде тұрған азаматқа әлеуметтік дүкеннен тегін киімдер берілді, – хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында Әйтеке би кенті әкімі аппаратының қолдауымен аудандық Жастар ресурстық орталығының жанынан 2019 жылы «Рахмет» әлеуметтік дүкені ашылған.
Бұл дүкеннің негізгі мақсаты – тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, көмек қолын созу болып табылады. Дүкенде киім-кешек, ойыншықтан бастап, тұрмыстық техникаға дейін бар.
Аудандық пробация қызметі мен Жастар ресустық орталығы арасындағы меморандум аясында Орталық қызметкерлері есептегі азаматтарға әлеуметтік көмек түрлерін көрсетіп келеді. Осы меморандум аясында пробация есебіндегі азаматтарға әлеуметтік дүкеннен тегін киімдер берілді.
– Игі іске ауданымыздағы кәсіпкерлер, тұрғындар көмек қолын созып жатыр. Дүкенге әкеліп өткізілетін киімдер таза, бүтін күйінде болуы тиіс. Арасында жаңасы да бар. Бұл киімдерді, тұрмыстық техникаларды тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар, пробация есебіндегі азаматтар жеке куәлігін көрсету арқылы немесе балаларының құжаттарын көрсету арқылы ала алады. Күніне ауданның бірнеше тұрғыны 3-4 пакет киім алып кетеді, – деді Жастар ресустық орталығының аға кеңесшісі Н.Ақпанбетов.
– Мен аудандық пробация есебінде тұрамын. Пробация инспекторлары маған әлеуметтік көмек түрлерін көрсетіп келеді. Осыған дейін азық-түлік, қорғаныс заттарын берді. Бүгін міне әлеуметтік дүкеннен костюм-шалбар, қажетті таза киімдар алып беріп жатыр. Пробация қызметкерлері мен Жастар ресустық орталығының мамандарына алғыс айтамын, – деді есептегі азамат.