Қызылордада күзет фирмасының қызметкерлері марапатталды
Қызылордада құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін күзет фирмаларының қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәжірибеде көрсетілгендей құқық тәртібін қамтамасыз етуде күзет құрылымдарының әлеуеті өте жоғары.
Өткен аптада «КО Секьюрити» ЖШС қызметкерлері Ерлан Дәрменов пен Руслан Ұзақбаев сауда үйлерінде жасалған бірнеше ұялы телефондар ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстаған болатын.
Кәсіби шеберлігі мен үйлесімді іс-әрекеттері үшін бұл қызметкерлер мен күзет ұйымының басшылығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан грамоталармен марапатталды.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бекторе Сұлтанның бұйрығымен «Kulan security» ЖШС, «Құрылыс-1» ЖШС, «Күзет бюросы «Бүркіт» ЖШС, «МК Секьюрити KZ» ЖШС, «Күзет-МОТОРС» ЖШС-і алғыс хаттармен марапатталды.
Бүгін, 13 қарашада Полиция департаментіне шақырылған ұйым өкілдеріне осы грамоталар мен алғыс хаттарды ПД бастығының бірінші орынбасары Амитов Шамшидин табыстады.
– Күзет құрылымдарының қызметкерлерін қылмысқа қарсы күреске, көшелер мен қоғамдық орындарда да қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын. Полиция мен күзет қызметінің өзара іс-қимылы қоғамдық тәртіпті қорғауда басымдықтардың бірі болып табылады. Күзететін объектілер және оған іргелес аумақтан тыс жерлерде де профилактикалық іс-шаралар өткізу бойынша бірлескен жұмысты жолға қою қажет. Бұл жұмысты үнемі жүргізу керек, – деді ол.
Қызылорда облысы ПД қызметкерлерімен Ішкі істер министрлігінің Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жеке күзет ұйымдары күзететін азаматтардың пәтерлері санын ұлғайтуға бағытталған түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Бірлесіп қабылданған іс-шаралар нәтижесінде жеке күзетпен және орталықтандырылған бақылау торабымен екі мыңнан астам азаматтардың үй-жайлары, ғимараттар, олардың аумағы күзетке алынды.