Түркістан облысында тергеушілер науқасты емдеуде өрескел қателікке жол берген дәрігердің ісін дәлелдеп шықты
Дәрігердің салғырттығынан науқастанып келген ер азамат жансақтау бөлімінде көз жұмды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2019 жылы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ағасының өліміне дәрігердің кінәлі екендігін айтады. Аталған жайтты полицейлер 317-бабы (Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша бірден тіркеуге алып, тексеруді бастайды. Істің күрделілігі ескеріліп, аудандық полиция бөлімінен облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының өндірісіне, яғни ондағы тәжірибелі маман Алтынай Жолымбековаға жүктеледі. Аса маңызды істер бойынша аға тергеуші Алтынай Жолымбекова айтып өткендей:
– Бұл жайтты толығымен ашып, науқастың өліміне ненің және кімнің себеп болғанын анықтау оңайға соқпады. Себебі менің алдымда бүтін бір отбасы мүшесінің өмірі тұрды. Қайтыс болған ер азаматтың жақындары тергеудің нәтижесін күтумен болды. Таразының бір жағында дәрігердің өмірі тұрды. Негізі бұл оқиға жылдам болған еді. 2019 жылдың қыркүйегінде қалалық ауруханаға науқастанған ер азаматты жедел жәрдем жеткізген. Қабылдау бөліміне түскен тұрғынды қараған дәрігер оған ем қабылдауға рұқсат береді. Және медбикеге нұсқау бойынша науқасқа тамырдан ине салуды тапсырады. Ер азамат өз өмірін ақ халаттыларға сеніп, ауруынан айығатынына сенімді болады. Тиісті емнен соң өзін жақсы сезінгендей болып үйіне қайтады. Алайда ол бірнеше сағаттан соң үйінде дастархан басында отырып, өзін жайсыз сезініп, қайтадан емханаға жеткізіледі. Бұл жолы науқас жансақтау бөліміне түсті. Ол жерде есін жимастан қайтыс болды. Іске қатысты сараптамалар тағайындалды. Әрине сарапшы мамандардың қандай қорытынды шығаратыны біраз уақытты алды. Куәгерлермен сөйлестім, жауап алдым. Қажетті деген барлық шараларды жүргіздім. Бірнеше ай ішінде айғақты заттарды ұсақ бөлшектерден құрастырып, жинақтадым. Нәтижесінде істі айыптау актісімен бірге сотқа жолдадым. Осы жылдың күзінде сот шешімімен дәрігерге 1 жыл 6 ай мерзімге дейін медицина саласында қызметпен айналысу құқығы шектеле отырып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соңғы 10 жылда Түркістан облысы тергеу басқармасының тарихында мұндай жайт кездеспеген еді, – деп қорытындылады өз сөзін Алтынай.