Жамбыл облысында жезөкшелікпен айналысқан үш притон анықталды
Жамбылдық полицейлер «Стоп-Трафик» профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде жезөкшелікпен айналысқан үш притонды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 10-14 қараша аралығында Жамбыл облысында «Стоп-Трафик» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полицейлер жезөкшелікпен айналысатын үш притонды анықтады.
Тараз қаласының Төле би көшесіндегі сауықтыру кешенінде полицейлер жезөкшелікпен айналысатын притонды ұйымдастырумен және ұстаумен айналысқан 46 жастағы әйел адамды ұстады. Бөлтірік-Шешен көшесіндегі тағы бір сауықтыру кешенінде осыған ұқсас қылмысы үшін Тараз қаласының 42 жастағы тұрғыны ұсталды.
Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 309-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға арналған притонды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталғандар кінәсін мойындады.
Сондай-ақ, 45 адам ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабы 1-бөлігі бойынша үш әкімшілік құқық бұзушылық анықталды (Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар беру).
Профилактикалық есептегі «жеңгетайлық» санаты бойынша үш адам және жезөкшелікпен айналысқаны үшін төрт әйел қойылды.