Көшеде көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні себепсіз соққыға жыққан
Қарағандылық полицейлер себепсіз жаяу жүргіншіні ұрған көлік жүргізушісін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қарашаның кешінде Қарағанды қаласы Киров полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғынына бұзақы дене жарақатын келтіргені жайында хабарлама түсті.
Анықталғандай, жәбірленуші көшеде келе жатқанда, алдына «Volkswagen Golf» көлігі тоқтаған. Көліктен ер азамат шығып, «жол ережесін бұздың» деген айыппен жүргіншіге бірнеше рет соққы жасап, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жасалған қылмыс жөнінде ақпарат барлық мобильдік топтарға және жол-патрульдік полициясының жасақтарына түсті.
Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полициясы полкінің қызметкерлері ықшам аудандарының бірінен келе жатқан «Volkswagen Golf» көлігіне назар аударды. Жәбірленушімен дауды бастаған көліктің рөліндегі 38 жастағы сол жүргізуші болып шықты.
Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.