Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда қыз көпқабатты үйдің балконынан секірмек болды

Көпқабатты үйдің балконынан секіріп кетпек болған қызды қарағандылық полицейлер құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

18 қараша күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Патрульдік полиция полкінің патрульдік жасағы полицейлер Бейбіт Байсеркин, Дарын Совет және Айбат Әкімжанов қала шетінде қызметтерін өткеріп жүрген. Шамамен сағат 14:00 шамасында қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығынан патрульдік полиция қызметкерлеріне көпқабатты үйдің балконынан қыз баланың секірмек болып тұрғандығы туралы хабарлама түсті.

Араға үш минут уақыт салып, полиция қызметкерлері оқиға орнына жетті.

– Тоғыз қабатты үйдің сегізінші қабатында қыз бала балконның қоршауынан аяғын шығарып отырды. Ол өзінің ешкімге керек емес екенін, сондықтан да осындай жолмен өміріне қол сұғатынын айтып айқайлап отырды. Далада, оқиға болған жерде бес-алты адам жиналып, қызға бұлай жасамау керек екенін айтып көндіруге тырысып тұрды. Сол кезде куәгерлердің бірі маған қыз отырған балконнан түскен сөмкені әкеліп берді. Соның ішінен мен кілт тауып алып, әріптесім екеуміз бірден жоғары көтерілдік, – деді Айбат Әкімжанов.

Полиция қызметкерлеріне секірмек болған қыздың үйіне кіре алатындықтары белгісіз болды. Сондықтан да полицей Б.Байсеркин тоғызыншы қабатқа көтеріліп, секірмек болған қызды сөзге тартып, алдап тұрған.

Пәтердің темір есігін бірден ашқан полиция қызметкерлері, ішкі есіктің жабық екенін анықтады. Сондықтан да оны сындырып кірген.

– Пәтерге кірсімен, біз балконға жүгіріп, балконда отырған қызды ішке тартып алдық, – деді Дарын Совет.

Полиция қызметкерлерімен құтқарылған қыз медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Анықталғандай, бұл оқиғаға дейін қыз бала анасымен ұрысып қалып, осындай жолмен өмірімен қоштасқысы келген. Абырой болғанда полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында оқыс оқиғаға жол берілген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру