Алматы облысында жоғалған қыз табылды
Алматы облысының полицейлері ата-анасына айтпай, қыдырып кеткен жасөспірімді іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекшіқазақ ауданының полицейлеріне хабарласқан жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының белгісіз бағытта кетіп, үйге оралмағанын айтқан.
Қызының амандығына алаңдаған ананың арызының негізінде жедел-іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды.
– 21 қараша күні жергілікті тұрғын 2004 жылы туған қызының жүрген жерін анықтау туралы өтініш білдірді. Жасөспірімді іздеу жұмыстарына жеке құрам жұмылдырылып, сол күні кешке жоғалған қызды анасына тапсырдық. Жасөспіріммен және оның анасымен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, мұндай қыдырудың арты жақсылыққа апармайтыны түсіндірілді, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының бастығы Талғат Сейлханов.
Педагогикалық колледждердің бірінде оқитын жасөспірім ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды.