Ұры телефонды ұрлап алып, өзі қолданып жүрген
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның бір ай бұрын жоғалған ұялы телефонын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде ұрлық қылмысының ішінде ең көп таралған түрінің бірі – ұялы телефон ұрлығы екені жасырын емес. Өзгенің мүлкіне көзі түскен ұрылар, ұрлауға да, сатуға да оңай ұялы телефондарды жымқыруды әдетке айналдырған. Мәселен, Сайрам АПБ-на жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Ол өз арызында ағымдағы жылдың қазан айында базарлардың бірінде үйіне азық-түлік салынған пакет ішіне салып қойған ұялы телефонын ұрлатып алғанын жеткізеді.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188- бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 70 мың теңгені құрайды.
Бұл ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды.
Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басын анықтап, ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің ұялы телефонының аузы ашық тұрған пакетте тұрғанын көріп, ешкімнің назар аудармай тұрғандығын пайдаланып, тез арада оңай олжасын қалтасына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Сондай-ақ осы уақыт аралығында өзі қолданып жүргенін мойындады. Осылайша күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді. Сондықтан полицейлер жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады.