Ақтаулық алаяқ үш бірдей азаматты алдаған
Маңғыстау полициясы алаяқтардан сақтану қажеттілігі туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау қаласының Полиция басқармасына үш бірдей тұрғын алаяқтық фактісі туралы арызданды. Ақтаулықтар жиһаз жасауға тапсырыс қабылдап, бірақ алдын ала төлем алғаннан кейін жоғалып кеткен алаяқтың құрбанына айналған.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 200 000 теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Алаяқтық (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ақтау полицейлері алаяқтың құрбанына айналмас үшін сақтық шараларын қабылдауды ескертеді.