Елбасынан «Ерлігі үшін» медалін алған полицей
Түркістанда бір түнде бірнеше отбасын тілсіз жаудың құрсауынан құтқарған Берік Керімбеков есімді полицей тұрады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ерлік пен елдіктің үлгісін көрсеткен жігіт шұғыл әрекеті арқылы сол күні сегіз адамды ажалдан арашалап қалды. Бүгінде бұл оқиғаның орын алғанына бес жылға жуық уақыт өтсе де, сол күнгі жалын, оттың ортасындағы жайттың барлығыда Беріктің көз алдында.
– Осыдан бес жыл бұрын болған оқиға еді. Ол кезде Кентау ҚПБ жол патрульдік полиция қызметін атқаратынмын. Түнгі кезекшілікті аяқтап, бөлімге келе жатқанбыз. Өрт орын алғаны жөнінде хабарлама түсті. Бірден сонда қарай көлікті бағыттадық. Көпқабатты этаж үйдің 3-4 қабаты жалынға оранып жатыр екен. Халық у-шу. Бірден көмекке ұмтылдық. Ең бастысы халықты қауіпсіз жергі шығару жайын ойладық. Есіктерді бұзып пәтер іштеріне кірдік, – дейді ол.
Берік түтінге тұншығып, ес-түссіз жатқан қызды бесінші қабаттан алып шыққан. Одан бөлек, бала-шаға, қариялар мен өзге де тұрғындарға көмек көрсетті. Ең бастысы, ерлік білекте емес, жүректе екендігін дәлелдеді. Өзгенің өмірін қорғап қалу үшін от пен суға секіруге даяр батырға ел алғысын жаудырды. Сондай-ақ, бұл еңбегіне Елбасының қолы қойылған «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
– Жалпы халыққа көмектескен кезімде өзімді бақытты сезіндім. Олардың кейін алғыс айтқандарын телеарналар мен газеттерден оқып отырып, ерекше әсерге бөленген болатынмын. Кейіннен Елбасының қолы қойылған «Ерлігі үшін» медальін алғанда қуаныштан көзіме жас келді. Жалпы мен марапат үшін жұмыс істеген жоқпын. Ең бастысы – халықтың амандығы еді. Бұл менің азаматтық борышым. Менің орнымда басқа адам болғанда да дәл сондай қадамға баратын еді. Дегенмен, еңбегімізді елеп, үлкен марапаттарға лайық деп тапқан Елбасына үлкен рахметімді айтамын, – дейді Берік Сейлбекұлы.
Бүгінде Берік Түркістан облыстық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы қызметін атқаруда. Жұмысқа жауапкершілігі мол жан, әрбір істі абыроймен атқарады.
Бұған дейін де учаскелік полиция инспекторы, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, патрульдік полиция салаларында қызмет еткен тәжірибелі маман. Білікті де білім қызметкер. Әрі былғары қолғап шебері. Яғни, жас кезінен бастап бокс үйірмесіне барған бозбала талай байрақты бәсекелерден жүлделі орындарды иеленген. Қазірде бос уақытында спорт залға барады.
Берік отбасында үлгілі әке. Жұбайымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.