Түркістан облысында карантин талаптарын бұзушылар азаяр емес
Карантин талаптарын сақтау іс-шарасы бойынша Арыс АПБ-нің қызметкерлері және Арыс қаласы әкімдігі бірлесіп бастаған арнайы мониторингтік топ кезекті рейд шараларын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мобильдік топ мүшелері қаладағы тамақтану орындарында, сауда үйлерінде, азық-түлік дүкендерінде санитарлық талаптар мен карантин режимінің сақталуын қадағалауда. Осы тұста карантин талаптарына немқұрайлы қарап, санитарлық нормаларды бұзған бес азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, хаттама толтырылды. Бүгінгі таңға дейін Арыс ауданының полицейлері атқарған іс-шаралардың нәтижесінде карантин талабын орындамаған 450-ге жуығы анықталса, оның үшеуі жеке кәсіпкер. Олардың басым көпшілігі белгіленген уақыттан кейін де жұмыс жасап тұрған дүкен мен ойынхана, тойхана иелері.
Мысалы, Арыс қаласының қоғамдық орындарында, көшелерде тұрғындар бетперде тақпай немғұрайлық танытқан.
Сондай-ақ ойынханалар сағат 22:00-ден кейін жұмыс жасап жатқандығы белгілі болды. Ойынханаға келуші азаматтардың да ешбірінде медициналық бетперде болмаған. Сонымен қатар індет өршіп тұрған уақытта жиын, той жасаушылар қатары да азаяр емес. Ашығын айтқанда, Арыс қаласындағы бірнеше тойханалардың карантин талаптарын бұзып, қыз ұзату, беташар сияқты той жасап, шектен тыс тұрғындарды жинағаны анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жауапқа тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.