Жетісайлық тергеушілер мен анықтаушылар қайырымдылық іс-шарасына атсалысты
Жетісайлық тергеушілер мен анықтаушылар қайырымдылық іс-шарасына атсалысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-нің тергеушілері мен анықтаушылары адамгершілікті биік ұстап, достық пейілдерін танытып, қолдан келген жәрдемін ұсыну, қайырымдылық жасау ісін әрқашан алдыңғы орынға қояды. Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі, Жетісай қаласының жұмыссыз отбасына және Жетісай ауданының Құрбан ата ауылының тұрғыны көпбалалы ананың үйіне барып, жағдайларын біліп қайтты. Сонымен қатар үйлеріне керек жарақтарын, азық-түліктер мен балаларына жаңа жыл қарсаңына арналған сыйлықтарды табыс етті.
Полиция қызметкерлерінің қайырымдылық көмектері теңіздің тамшысындай болса да, жас бүлдіршіндерді бір қуантып, бойларына адамгершілікті дарытты. Тәртіп сақшыларының жасаған игі істеріне көңілі толған тұрғындар өз ризашылықтарын жеткізді.
– Жетісай АПБ-нің тергеушілері мен анықтаушыларына көп рақмет. Алғысымды айтамын. Балаларымды, немерелерімді қуантып, сыйлықтарында қоса алып келген екен. Жұмыстарына табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Тәртіп сақшылары кез келген қиын шақта тұрғындардың жағдайы жақсаруы үшін кішкене де болса өз үлестерін қосып, қайырымдылықтың, адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетуде. Бір-бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуларымыз сарқылмасын. Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгертейік. Ендеше, болашағымыз бақытты болсын десек, бір бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық.