Жылу беру станциясынан электр қозғалтқышын ұрлаған азаматтар ұсталды
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жылу беру станциясынан электр қозғалтқышын ұрлаған азаматтар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қазанда Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жаңақорған аудандық полиция бөліміне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директорынан қазан айының 19-нан 20-на қараған түні Бесарық ауылына кіреберіс жолдың тұсындағы жылу беру станциясының ішінде орнатылған электр қозғалтқыштың ұрланғандығы және келтірілген шығынды өтеуге ықпал ету туралы арыз келіп түсті.
Белгісіз тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан аталған мекемеге 401 200 теңге шығын келтірілген.
Өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде Шиелі ауданының екі тұрғыны ұсталды. Олар істеген қылмыстарын толық мойындады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.