Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробация есебіндегі азаматтар өз кәсіптерін ашуда

Атырауда пробация есебінде тұратын сотталған азаматтар жеке кәсіптерін ашуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша ҚАЖД қарасты пробация қызметінің есебінде тұратын бес сотталған азамат «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша оқуды сәтті аяқтап, өз кәсіптерін бастады.

Мәселен ұрлық, тонау және алаяқтық сияқты қылмыстары үшін сотталған үш жас жігіт өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттен 555 мың теңге көлемінде грант ұтып алды. Олар бұл ақшаны өздерінің жеке кәсіптерін ашуға жұмсамақ.

– Қазіргі уақытта Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған тағы бір сотталған азамат Атырау қаласынан көлік жуу орталығын ашып, кәсібін дөңгелетуде. Ал Индер аудандық пробация қызметі есебінде тұрған сотталған азамат аудан орталығынан фаст-фуд дүңгіршегін ашып алды, – деп хабарлады Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз-қызметі.

Қазіргі таңда қалалық және аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен  сотталған азаматтар арасында жеке бизнестерін ашуға арналған семинар-тренингтер өткізілуде. Оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру