Сотталған азаматтарды психологиялық оңалту бойынша жұмыстар жүргізілуде
Атыраудағы тергеу изоляторының психологы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылуы тиіс азаматтарды қалыпты өмірге бейімдеу бойынша жұмыстар өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атыраудағы тергеу изоляторында жаза өтеу мерзімі аяқталған сотталған азаматтарды бостандыққа дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мәселен, тергеу изоляторының инспектор – психологы Шынар Максимова желтоқсан айының соңында бостандыққа шығатын Асқарға (есімі өзгертілді) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін бостандықтағы өмірге бейімделу бойынша көмек көрсетуде. Ол 2019 жылы алаяқтығы үшін бас бостандығынан айырылған.
– Мұндай шаралар сотталған азаматтың іс-әрекетін, мінезін, көңіл-күйін бақылауға өте қолайлы. Сұхбаттасу барысында сотталған азаматтың түзеу мекемелерінен босатылғаннан кейінгі тұрғылықты мекен-жайындағы отбасылық қарым-қатынастарға бейімделуі мен болашаққа деген көзқарасын анықтап, оның әлеуметтік дағдыларын қайта қалпына келтіру, мінез-құлқын қалыптастыру бойынша психологиялық кеңестер берілді,– дейді Шынар Ыстыбайқызы.
Сотталған Асқар алдағы уақытта жасаған қателігіне жол бермейтінін, қайта қылмысқа бармайтынын айтты.