171 қойды ұрлап, сатып жіберген қойшылар ұсталды
Түркістан облысының полицейлерімен көршісінің қойларын ұрлап жеті миллионнан астам теңгеге шығын келтірген күдікті қойшылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне жеке шаруашылық иесі жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Жәбірленуші арызында қойшыға сеніп тапсырылған 300-ге жуық ұсақ малының ішінен 171 бас малының жоқ екенін айтады.
Арыз түсе салысымен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірден тіркеуге алып, қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асыра бастайды. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алынып, оқиға орын алған жер мұқият тексеріледі. Тиянақты жүргізілген тексеру кезінде күдіктілердің іздері анықталып, сараптамаға жолданады. Яғни айғақты заттарды саралай келе қылмысты жасаған екі күдікті анықталады. Олар жәбірленушінің өз қойшысы мен көрші шаруашылық иесінің қойшысы болып шығады. Анықталғандай, күдіктілер алдын ала сөз байласып «Газель» маркалы көлігін жалдап, малды біртіндеп, иесіне байқатпай Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы базарға алып барып сатып жіберген.
Осыдан соң пайдаға кенелген қойшы жалғыз өзі арам ісін жалғастырып, көршісінің қора-жайына тағы да екі рет ұрлыққа түскен. Яғни бастапқыда екі қойшы бірге 78 қойды жымқырып, сатып жіберген. Келесіде қойшы көршісінің қора-жайына ұрлыққа түсіп 48 қойын ұрлаған, одан кейін 38 қойын жымқырып сатып жіберген. Яғни жәбірленушіге жеті миллионнан астам теңгеге шығын келтірілген.
Бүгінгі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ол бұрын «Алаяқтық» бабымен сотты болған екен. Ал бір рет ұрлыққа түскен екінші күдікті қойшыға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Сондай-ақ Төлеби ауданына барып іздестіру жұмыстарын жүргізген полицейлер сатып алушыны да бір күн ішінде анықтап, одан 48 бас ұрланған малды қайтарып алды.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) және 188-бабы (Ұрлық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.