Жылдамдық режимін асырған 496 жүргізуші жауапқа тартылды
Жамбыл облысының аумағында республикалық маңызы бар автожолдарда патрульдік полиция қызметкерлері бір апта ішінде мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ескерту, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында Жамбыл облысының ПД патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен Жамбыл облысының аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстарын жандандырды.
– Бір апта ішінде патрульдік жасақтар жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 1 120 әкімшілік хаттама толтырды. Мәселен, жылдамдық режимін асырғаны үшін 496 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 46 – жол қиылысынан өту ережелерін бұзу дерегі, 18 – азаматтардың қауіпсіздік белдігін тақпай жүргені үшін, алты дерек – көлік басқарғанда ұялы телефонды пайдаланғаны үшін айыппұл төлейді, – деді Жамбыл облысының ПД ППБ командирінің орынбасары Таңат Әлішев.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар 67 жаяу жүргіншіге қатысты толтырылды. Сондай-ақ екі жүргізуші апаттық жағдай туғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал бір жүргізуші мас күйінде трассаға шыққаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, Жамбыл облысының ПД ППБ қызметкерлері мал ұрлығымен байланысты қылмыстардың алдын алуға және осы бағыттағы көрсеткіштерді төмендетуге бағытталған тәжірибелік шараларды қабылдауда.
Меркі ауданы аумағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаған екі жүргізуші анықталды. Екі көліктің тіркемелерінде барлығы 14 бас ұсақ мал және бір бірлік ірі қара мал болды.
Жамбыл облысының ПД патрульдік полиция батальоны жол қозғалысының барлық қатысушыларына ЖҚЕ талаптарын қатаң сақтауды ұсынады. Жолдағы қарапайым ережелер мен мінез-құлық нормаларын бұзу арқылы сіз өз өміріңізге қауіп төндіресіз, жолда сақ болыңыздар.