Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Облыс әкімі Полиция департаментіне келді

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңір басшысы полицейлердің қызметтік техникасын қарап шықты, Жедел басқару орталығында болып, Тәуелсіздік күні қарсаңында полицейлерге наградалар табыс етті.

Суретті түсірген Валерий Бугаев

Биыл жергілікті полиция қызметіне 70 көлік берілді. Нәтижесінде мұндағы автопарктің жабдықталуы 94%-ға жетті. Сонымен қатар бүгінде екі арнайы машина – жылжымалы химиялық зертхана және бұқаралық іс-шаралар өткізілетін жерлерде полиция күштері мен құралдарын үйлестіру үшін қолданылатын командалық-штабтық машина жаңартуды қажет етіп отыр.

Суретті түсірген Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкіміне Полиция департаменті жанындағы кезекші бөлімді жаңғырту туралы да айтылды.

– Қазір кезекші бөлімдердің заманауи кеңселері жұмыс істейді, онда қылмыс белсенділігі жоғары аудандардың интерактивті картасы орнатылады. Олар кезекші бөлім қызметкерлеріне полиция жасақтарын реттеу үшін қауіпті  аймаққа бағыттауға мүмкіндік береді, – деді облыстың бас полицейі Нұрлан Мәсімов.

Келесі жылы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында 2006 жылдан бері жаңартылмаған жабдықты жаңарту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұл жүйеге Павлодар қаласындағы 117 бейнекамера қосылған. Олардың көмегімен тәртіп сақшылары күн сайын 50-ден астам заң бұзушылық пен қылмысты анықтап отыр. Осы күні аталған орталық талдау функциясы бар жаңа бейнекамераларға мұқтаж.

– Біздің ЖБО техникалық жаңғыртуды қажет етіп отыр. Оның көмегімен тек жол қозғалысын ғана емес, аулаларды, мектептерді, балабақшаларды, саяжайлар мен қоғамдық орындарды да бақылау қажет. Сондықтан біз жабдық мәселесін шешкен кезде, жеке құрам онымен жұмыс істеуге дайын болуы керек, – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

2020 жылы көлік сатып алуға, арттехқаруландыруға, Көші-қон қызметі орталығының ғимаратын, полицияның модульдік бекеттерін жөндеуге, цифрландыруға және полицияның басқа да қажеттіліктеріне облыстық бюджеттен үш миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Цифрландырудың арқасында әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын жасау мерзімі үш есеге қысқартылды, ал Red Speed жаңғыртылған жүйелері орналасқан орындардағы жол-көлік оқиғаларының саны 45%-ға азайды. Полицияның жеке құрамымен кездесуде өңір басшысы алдағы уақытта да ішкі істер органдарын қолдауға уәде берді.

– Биылғы жыл қиын болды, бірақ соған қарамастан, сіздер жаңа жағдайларға тез бейімделе алдыңыздар. Карантиннің алғашқы күндерінен бастап Полиция департаментінің барлық жеке құрамы үлгілі тәртіп пен бірыңғай нәтижеге – өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үйлесімді жұмыс көрсете білді. Сонымен қатар «қауіпсіздік» деген ұғым бұл жолы кеңірек болды – сіздердің мойындарыңызға әдеттегі міндеттен басқа, азаматтардың эпидемиологиялық қауіпсіздігі де артылды. Сіздер жаңа миссияны абыроймен атқарып отырсыздар, – деді Павлодар облысының әкімі полиция қызметкерлеріне.

Әбілқайыр Сқақов 20-дан астам полиция қызметкеріне үздік қызметі үшін Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру