Сурет байқауы ұйымдастырылды
Маңғыстау облысының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай полиция қызметкерлері балаларының арасында «Елімнің еркіндігі-тәуелсіздік» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқаудың ұйымдастырушысы Ақтау қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны болып табылады.
Іс-шара өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуға, балалардың Отанға деген патриоттық сезімін дамытуға, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға бағытталған.
Балалар өз суреттерінде «Бәйтерек» монументін, «Алтын адам» ескерткішін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін бейнеледі. Балалардың туындылары біздің еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты көрсете білді.
– Сурет байқауына қатысқан барлық балаға үлкен алғысымды білдіремін. Әрқайсысыңыз дарынды әрі талантты баласыздар, жұмыстарыңыз да керемет, – деді Ақтау қаласы ПБ батальонының командирі Ғазиз Түркменбаев.
Байқау соңында сурет байқауына қатысқан барлық балаға сыйлықтар табысталды.