"Ұлттық ұлан үздігі" медалімен марапатталды
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ОВ-156/15 мекемесінің жедел бөлімінің бастығы ҚР Ұлттық ұланы "Шығыс" Өңірлік қолбасшысының бұйрығымен II дәрежелі "Ұлттық ұлан үздігі" медалімен марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚАЖД ОВ-156/15 мекемесінің жедел бөлімінің бастығы Қуаныш Құлжанов ішкі істер органдарында 19 жылдан бері жұмыс істейді. Ол 2001 жылы ҚР ІІМ-нің Павлодар заң колледжін бітіріп, еңбек жолын ШҚО Жарма ауданы Жаңғыз - төбе кентінде орналасқан ОВ-156/18 мекемесінде жедел уәкіл лауазымынан бастаған, қазіргі таңда Семей қаласында орналасқан ОВ-156/15 мекемесінің жедел бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
- Бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандайтынмын. Әкемнің формасына қызығып, бас киімін киіп, "мен милициямын" - деп ойнайтынмын. Сондықтан мектептен кейін ҚР ІІМ-нің Павлодар заң колледжіне саналы түрде келіп, оны бітіргеннен бері полиция қызметкері болып жұмыс істеп келемін, - дейді Қуаныш.
Қуаныш медальді кеудесіне таққанда бойын мақтаныш кернейтінін жасырмайды.
- Әрине мұндай марапаттар одан әрі шабыттандыра түседі. Бұл мен үшін де, отбасым үшін де үлкен мақтаныш. Дәл осындай сәттерде сен мамандық таңдауда қателеспегеніңді түсінесің, - деді ол.