Семинар-кеңес өткізілді
2020 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты семинар-кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаменті мен Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы ұйымдастырды.
Семинар-кеңес ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Адиловтің қатысуымен өтті. Ол іс-шараның мақсаты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде қабылданған заңнамалық актілердің негізгі ережелерін түсіндіру екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының нұсқауын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың қылмыстық іс жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, аталған Заң 20 желтоқсанда қабылданды.
Семинар-кеңеске республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың Полиция департаменттері бастықтарының тергеу жөніндегі орынбасарлары, академияның профессорлық-оқытушылық құрамы және ҚР ведомстволық білім беру мекемелерінің курсанттары онлайн байланыс арқылы қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің қызметкері Динара Шайкенова, сондай-ақ Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров баяндама жасады.
Шара барысында спикерлер келесі жылдың басында күшіне енетін заңнамадағы өзгерістерді түсіндірді.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілерге, депутаттарға, судьяларға шетелдік банктердегі шоттарға иелік етуге, қолма-қол ақша мен құнды заттарды сақтауға шектеу енгізіледі, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің, судьялардың жемқорлық фактілері, пара берушілер мен делдалдардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты жазалары күшейтіледі, мемлекеттік қызметкерлер немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларында қос азаматтықтың болуы оларды қызметінен босатуға негіз болады.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш деңгейлі қылмыстық іс жүргізу моделі енгізізіледі. Енді прокурор қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарына қатысты негізгі процессуалдық шешімдер туралы ұсыныстар енгізеді.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының кейбір ережелерін іске асыру туралы Мемлекет басшысының қол қоюы ғана қалған заң жобасы кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді.
Осы санаттағы қылмыстармен байланысты қылмыстардың санының артуына байланысты жауапкершілік күшейтілді.
Семинар-кеңес академия бастығы Ақынқали Дәрменовтің бастамасымен құрылған «KРA-2020» байқауын қорытындылап, байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттаумен аяқталды. Байқаудың мақсаты – Академияның ең үздік қызметкерлерін анықтап, марапаттау болды.
Биылғы жылы байқау «Үздік оқытушы», «Курсант таңдаған үздік оқытушы», «Үздік курс офицері», «Оқу тобының үздік кураторы», «Үздік бейне дәріс», «Үздік ғылыми қызметкер» номинациялары бойынша ұсынылды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар Тергеу департаментінің бастығы Санжар Адиловтің қатысуымен салтанатты жағдайда ҚР Білім және ғылым министрлігі марапаттаған үздік жас ғалымдарға төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды.