Ұялы телефон иесіне қайтарылды
Қарағандыда Алматыдан келген қонақтың қымбат бағалы ұялы телефонын үй қызметшісі ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 желтоқсанда Қарағанды қаласы Орталық полиция бөліміне Алматы қаласының 21 жастағы тұрғыны жүгінді. Қарағандыға қызмет бабымен келген қыз баланың пәтер жалдағаны анықталды.
Ол белгісіз біреудің құны 590 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткенін білгенде қатты ашуланды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
23 желтоқсанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған 20 жастағы жас қызды ұстады. Ол жәбірленуші жалға алған пәтерді жинайтын үй қызметшісі болып шықты, күдікті кінәсін мойындады. Пәтерді жинастыру кезінде қараусыз қалған ұялы телефонды көрген ол өзін ұстай алмай, құнды телефонды жымқырып кеткен.
Ұялы телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.