Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдық полицейлер жоғалған балаларды үйлеріне қайтаруға көмектесті

Петропавлдық полицейлер жоғалған балаларды үйлеріне қайтаруға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қ. тұрғыны екі ұлының жоғалғанын айтып, «102» арнасына жүгінген. Алты және жеті жасар балалар мектептен өз беттерімен кетіп қалған.

– Мазасызданған әйел полицияға хабарласып, дабыл қаққан. Іздеуге полицейлер жедел кірісіп, мектепке барады. Абыржыған ана мен мұғалімі патрульдік полицейлермен бірлесе облыс орталығы көшелеріне іздеуге шығады. Ағалы-ініліні Маяковский көшесі бойындағы жер үйлердің маңайында анықтады. Балалар шошып қалған, жылаған. Аналарын көрген олардың қуаныштарында шек болмады. Абырой болғанда, барлығы жақсы аяқталды», – дейді Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Шымболат Уаисов.


Полицейлер мұндай оқиғалар жиі орын алатынын айтады. Қазан айында сегіз жастағы қыз дүрбелеңге салды. Таңертең дүкенге шығып, өз бетімен үйіне қайтпаған. Оны іздеуге полицейлер мен еріктілер тартылды. Қызметкерлер қыз баланы үйінен алыс жерден тапты.

– Балалар достарына ойнауға кетіп, қолдарында телефондары болмай, ата-аналарын ескертуге ұмытып жататын жағдайлар да кездеседі. Биылғы оқу жылының басынан барлығы 25 бала іздеп табылды. Негізінен жасөспірімдер. Олардың барлығы кезекші тәулікте үйлеріне қайтарылды, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру