Карантинде букмекерлік кеңсе жұмыс жасаған
Сарыағаш ауданында полицейлер карантин кезінде жұмыс жасаған букмекерлік кеңсені анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаштық полицейлер рейдтік жұмыстар жүргізу барысында Жетісай-Шымкент тас жолы бойында түнгі уақытта букмекерлік кеңсенің жұмыс жасап жатқандығын анықтады. Тексеру барысында ойынхана ішінде 4-5 келуші болған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша тіркелді.
Сондай-ақ заңға қайшы келетін заттар болуы мүмкін екені ескеріліп, ойынханадан алты дана процессор, екі дана ойын аппараты мен чек-фиксаторы айғақты зат ретінде тәркілеп алынды. Сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер ойынханаға қатысты мән-жайды толық тексеруде.
Сонымен қатар сарыағаштық полицейлер ойынхана иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы) бойынша хаттама толтырды.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға және кәсіпкерлерге карантин талаптарын яғни бетперделік режим мен арақашықтықты сақтауды, әсіресе заңсыз ойынханалар ашып, жастардың санасын улауға жол бермеуді ескертеді.